Баяндама
Қауіпсіз білім беру ортасын құру және психологиялық қызмет
Ал мектептегі қауіпсіздік – білім берудің басты талабы. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Кез келген сала, оның ішінде әсіресе, білім қауіпсіз, жайлы ортада дамиды. Оған дәлел қазіргі экономикасы озған, қоғамы тұрақты жолға түскен елдердің бүгінгі жай-күйі, білім саласы. Білім беру – тек мектепте оқыту ғана емес, ол тұлғалық қалыптасу, үлкен өмірге дайын болу, яғни, психологиялық тұрғыда ұстамды, өз ойын еркін, ашық айта алатын, қай ортаға түссе де өзін көрсетуден қорықпайтын, өзін дәлелдей алатын мүмкіндігі бар балаларды дайындап шығу. Бұл мәселеде қауіпсіздік мәселесі ең бірінші орынға шығады.
Қауіпсіз өмір сүру адамның, қоғамның, өркениеттің қажеттілігіне айналуы маңызды. Бұған жаңа дүниетанымды, идеалдар мен құндылықтар жүйесін, адамдардың қауіпсіз мінез-құлық нормалары мен дәстүрлерін, жалпы өмір сүру мәдениетін қалыптастыру арқылы қол жеткізуге болады.
Үнемі өзгеріп отыратын әлем және кеңейіп келе жатқан жаһандану жағдайында білім алушылардың білім жетістіктерінің сапасы адамға өмірлік табысқа қажетті «төрт тағанды» меңгерумен бағаланады деп ұсынды ғалымдар, олар: танып-білуді үйрену; әрекет етуді үйрену; бірігіп өмір сүруді үйрену; өмірге төзімді болуды үйрену.
Педагогикалық үдерістің нәтижелілігі педагогтардың жайлы (комфортты) білім беру ортасын ұйымдастыра білулерінің ғылыми тәсілдерінің теориясын меңгеріп, практикалық қолданыс дағдыларының қалыптасуына байланысты. Білім беруді дамытудың қазіргі кезеңінде педагогтардың білім беру және әлеуметтік ортасында және педагогикалық өзара әрекеттестікте психологиялық қауіпсіздік пен жайлылықты құра білу және қолдау іскерлігіне байланысты түрлі проблемалар мен шиеленістер туындайды. Жайлы білім беру ортасын ұйымдастыру тұлғаның психологиялық қауіпсіздігі тұрғысынан оң дамуына мүмкіндік береді және тұлғаның жайлылығының бұзылуының қауіп-қатері туралы ықтимал жағдайлардың алдын алады.
Қазақстан Республикасында білім беру мазмұнын жаңарту барысында білім беру мәселесінде бірқатар жаңалықтар енгізіліп жатыр: білім беру мазмұнын жетілдіру мақсатында ұлттық стандарттар, оқу бағдарламалары дайындалды, оларды іске асыратын жаңаша оқыту нысандары мен әдістері, білім алушылардың оқудағы жетістіктерін диагностикалау мен бағалау жүйесі біртіндеп енгізілуде. Мектептен тыс, қосымша білім беру бағдарламалары, мектепті басқару моделі және барлық мүдделі тараптармен әріптестікке негізделген достық қалыптағы білім беру ортасының болуы, ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеу процесіндегі рөлін белсендіру тетіктерін анықтау үздіксіз жетілдіру үстінде.
Соңғы уақытта білім беру ортасының психологиялық қауіпсіздігі туралы жиі айтылады. Т.С.Кабаченко психологиялық қауіпсіздікті «белгілі бір адамның, топтың, ақпараттық ортаның, жалпы қоғамның өмір сүру шарты, әлеуметтік субъектілердің (жеке адамның, топтың, жалпы қоғамның) қызмет етуі мен дамуының тұтастығының, бейімделуінің бұзылуына ықпал етпейтін шарт» деп қарастыруды ұсынады. Білім алушының психологиялық қауіпсіз білім беру ортасы тұлғаның өмір сүру шарты, білім алу қажеттілігі, өзін-өзі дамытуын қамтамасыз ететін жағдай және бейімделу, қажетті қажеттіліктер мен мүдделерді қанағаттандыру тұтастығы.
Бір білім мекемесінің басшысы ретінде
Қауіпсіз орта құрудың жолдары деп төмендегілерді атап өтер едім:
Психологиялық жайлылық пен эмоционалдық салауаттылық шарттарының бірі - ұстаздар балаларды әрқашан жылы қарсы алып, оларды жағымды және достық қарым-қатынасқа баулиды, әр баланың қызығушылықтарын ескереді, сонымен қатар психологиялық тренингтер жасайды. Ол эмоционалдық стрессті жеңілдетуге және балалардың энергиясын толықтыруға көмектеседі.
Егер бала қауіпсіз жағдайда өссе, ол:
Ø табысты және өз күшіне сенімді болады;
Ø қарым-қатынас үшін ашық және айналасындағыларға сенеді;
Ø танымдық іс-әрекетте белсенділік танытады;
Ø жетістіктерге ұмтылады;
Ø қолдауды және қарым-қатынас қажеттілігін сезінеді;
Ø өзінің жалғыз емес екенін түсінеді.
Біздің мақсат баланы қауіпсіз жағдайда тәрбиелеу, білім алуына бар мүмкіндікті жасау.
Мектеп психологтары әр оқу жылында оқушылардан төмендегідей сауалнамаларды алып, оқушы өміріндегі жағдаяттармен толық мағлұмат алады:
1.Оқушылардың мектепке бейімделуін анықтау Н. Лусканов әдістемесі
2.Үлгерімі төмен оқушыларды анықтау Иллей әдістемесі бойынша
3.Э. Ховард әдістемесі
4.Стрессті анықтау
5.Құқық бұзушылықтың алдын-алу бопсалау жасырын сауалнама,
6.Зорлық-зомбылықты анықтау жасырын сауалнама.
7.Басса-Даркидің мінездегі агрессияны анықтау тесті
Сонымен қатар оқушының эмоциялары, мотивациялық сипаттары, кейбір аспектілері, жасырынып жатқан дүниесін ашуға мүмкіндік беретін «Үй-Ағаш-Адам» әдіcтемесін психологтар қолданып, оқушы ортасын анықтай алады. Бір параққа үй, адам, ағаш бейнелерін салып, оны психологтар талдайды. Егер бірінші ағаш салынса адамға өмірлік энергия маңызды. Егер бірінші үй салынса, қауіпсіздік бірінші орында т.с.с. Оқушы салған суреттегі әрбір детальдың беретін мән мағынасы айқын.
Келесі бір мәселе қазіргі таңда ушығып тұрған Лудомания. тікелей аударғанда "ақылы ауысқанша ойнау" деген мағынаны білдіреді. Кейде, мұны "құмар ойынға потологиялық тәуелділік" деп те атайды. Аталған дертке шалдыққан адам өз-өзін басқара алмайды. Қолындағы соңғы ақшасына дейін ойынға тігіп жіберуге дайын тұрады. Салдарынан адам тек қаржылық қиындықтар ғана емес, психологиялық проблемаларға душар болады.
Ата-бабамыз "Ойынға ойсыз құмар" деп дөп басып айтқан. Бабалар тарихына үңілсек, құмар ойнау деген ұғым қазақ танымында болған емес. Дінімізде де бәс тігуді құп көрмейді. Қазақ тілсіз жау деп өрт пен суды атаса, бүгінгі қоғам бейнесіне қарап, өз тұжырымымызда үшінші жау ретінде "Лудомания" дертін де қосуға болады. Үнсіз келіп адами құндылықты өрттей жалмап, талай жастың ғұмырын жалындай шарпыған бұл дерттің өрттен несі кем?
Мектеп жасындағы балалардың құмар ойындарға тәуелділіктен арылтатын ең тиімді тәсілдер
БАЛАНЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ МАҢЫЗДЫ ФАКТОРЫ – МҰҒАЛІМДЕР МЕН АТА-АНАЛАР!
А.С. Макаренко: «Тәрбие -баламен сөйлесумен, оған ақыл-кеңес берумен ғана
шектелмейді. Тәрбие-тұрмысты дұрыс ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы үлгі - өнеге көрсетуінде». - деген екен. Баланы жас кезінен бастап сыйлап, қадір-қасиетін, ар-намысын бағалап, дұрыс сөйлеп, дұрыс қарым-қатынас жасаған абзал. Баланың айтайын деген өтінішін, ақылдасқысы келген мәселесін ата-анасы тыңдап, ақыл-кеңес беруі керек. Ата-ана отбасындағы үлкендерді сыйлап, құрметтесе, кішілерге қамқор болса, бала да сондай болуға ұмтылады. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол.
Білім беру мекемелерінде біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында балаларды тәрбиелеу мен дамытуда ата-аналарды педагогикалық қолдау бойынша әдістемелік ұсынымдар, балаларды оқыту және тәрбиелеу мәселесі бойынша мектептің ата-аналармен қарым-қатынасын күшейту, сондай-ақ берекелі отбасы мәдениетін дамыту мақсатында ата аналарды педагогикалық қолдау орталығы жұмыс жасайды. «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» негізге ала отырып «Ұлттық мүдде», «Ар-ұят», «Талап» құндылықтары негізінде тәрбие бағыттарында, тәрбие сағаттарда, жобаларда және пәндерде, яғни пәнмен байланыстырып осы құндылықтарды баланың бойына сіңіру жолға қойылған. Мектептердегі «Даналық мектебі» клубы жұмысы «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Жеңгелер кеңесі», «Аға қамқорлығы» бағыттары бойынша жоспарланып, түрлі іс-шаралар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып тұрады. Сонымен бірге ата-аналармен Аталар мектебі, Әжелер мектебі, Жеңгелер мектебі, Ата-аналар комитетінің жұмыстары, «Тоғыз айға – тоғыз жоба», «Төрт тоқсанға – төрт өнер», «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Еңбегі адал жас өрен» аясында тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Ұлттық мұраны қастерлеу, еңбекке баулу, құндылықтарды дарыту міндеттері жүзеге асырылуда. «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша балалар кітапханасында берілген тізім бойынша шығармаларды талдау, сахналау жұмыстары басты мақсатымызға айналған. «Мектеп театры» жобасы, «Ұшқыр ой» дебат клубының жұмысы қоғамның өзекті мәселелерін көтеруге мүмкіндік беруде.
Оқушылардың шығармашылық әлеуметін дамытудаға ата-аналармен бірлесе жұмыс істеу,сынып пен мұғалім, мұғалім мен бала, педагог пен ата-ана арасындағы қарым –қатынасты нығайту, жетістікке жету үшін бірлескен әрекеттің ортақ мақсаттарын анықтау,отбасы ерекшеліктерін ескере отырып қиындықтарды бірлесе шешу үшін үштік одақ жұмысын нығайту керек.
Қорытынды: Жел бесіктен, жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің ұйытқысы ата - ана мен мектеп. Болашақ десек те, келешек десе де бала - ұрпақ деген мағынаны білдіреді. Адамның өзге тіршілік иесінен айырмашылығы – дүниеге перзент әкелген соң, оның болашағын ойлау, адам етіп тәрбиелеу. Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мемлекеттік абыройлы міндеті. Кезінде Әл Фараби бабамыз «Ғылым емес, ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлу керек, тәрбиесіз адамға ғылым баянды болмайды» - демеп пе еді. Осыған орай бүкіл ата - ана тәрбиеге бет бұруы керек. Ұрпақ тәрбиесіне мүдделі екендігін ата - аналар іс - жүзінде дәлелдеп отырулары тиіс. Міне осындай ынтымақ бірлігінде ғана ойдағыдай нәтиже берері ақиқат. Ұлтымыздың қанындағы ізеттілік – дөрекілікке, қайырымдылық - қатыгездікке, жомарттық - тоғышарлыққа, адалдық - арамдыққа, парасаттылық - парықсыздыққа ауыспасын деген үлкен үміт тұр. Өмірдің өтпелі қиын кезеңінде ұл - қыздарымыздың саналы тәрбие мен нақты білім алуларына күш салайық. Балаға жауапкершілікпен қарап, оқыту мен адамгершілікке тәрбиелеуде отбасының басым рөлін мойындап, бірлесе, ынтымақтаса әрекет етуіміз қажет. Бала тәрбиесінде шыдамды болып, өз балаларыңызға жылуыңызды бере біліңіздер! Сіздің өсірген балаларыңыз сіздерді ылғида қуантып, қуанышқа бөлей берсін! – дей отырып, біз сіздермен қоштаспаймыз, келесі кездескенше қош, сау болыңыздар!
.